Азулы ақын, қазақтың біртуар азаматы Мұхтар Шахановтың отбасы жайлы аз-кем ақпарат.
Қаламгердің жары - Қаншайым Шаханова. Ақынның жарымен танысу хикаясының өзі ерекше.
Қаншайым Шаханова: "Бір үйге құрбыммен қонаққа барған едім. Төргі бөлменің есігінен кіре бергенде өзімнен –өзім табалдырыққа аяғым шалынып, екпіндеп барып төрде отырған кісіні құшақтай құладым. Екеумізде ыңғайсызданып қалдық. Ұялғанымнан бетімді басып, «Кешіріңіз,кешіріңіз» дей беріппін. Құшақтай құлаған кісім Мұхаң (Мұхтар Шаханов) екенін білгенде, тіпті кірерге жер таппадым. Қазір соның барлығы тағдырдың бізге білдірген белгісі ме деп ойлап қоямын. Солай басталған таныстық ары қарай да жалғасын тапты. Уақыт өте келе арамызда тығыз қарым-қатынас орнады. Мұхаң көңілін білдіргенде, анам марқұмға барып алдынан өттім. Біраз үнсіз отырған анам: «Қарағым-ай, бұл қалай болар екен? Мұхаң – оңай адам емес, халқының алақанға салған аяулы азаматы, елінің еркесі. Ақынға жар болу оңай емес. Маңдайыңа жазған тағдырың осы кісі болса, «көзің – соқыр», «құлағың – керең» болсын. Көңілін қайтарма» - деді. Анамның сөздерін ой таразысына сала келе Мұхаңа жар болдым".
Мұхтар Шаханов бүгінде 5 перзентінен 13 немере және шөбере сүйіп отыр. Ақын отбасына өте талапшыл. Балалары мен немереліне: "Егер елдік, ұлттық мүддеге тамыр жібермесе, жүз жерден дарынды болғанымен, ол менің немерем емес."-деген талап қойған. Ақын өзінен тараған әрбір ұрпақ міндетті түрде елдік, ұлттық мүдде биігінен және шындық биігінен көрінуі тиіс деп санайды.